«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы композитті түрде көрсетілетін қызмет түрлерін арттырмақ. Бұдан былай қандайда бір мемлекеттік қызметті алу үшін толтырылатын өтініш саны азайтылатын болады.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы еліміздің барлық облысындағы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы қызметтер мемлекеттік стандартта көрсетілген талаптарға сай, қалыпты тәртіпте көрсетіліп жатқанын хабарлайды. Бүгінде қызмет алушылардың көптігі Алматы қаласындағы мамандандырылған ХҚО-ларда ғана байқалуда. Бұл Алматы қаласында көліктерді алып-сататындардың көптігі мен жақын жатқан аймақ тұрғындарының автокөліктерін сонда қайта рәсімдеп, жүргізуші куәлігін ауыстыруға баратынымен байланысты.

ҚР ІІМ 1 шілдеден бастап мәліметтердің алмасуын қамтамасыз ететін жаңа веб-модулді іске қосуына байланысты, мемлекеттік органның ақпараттық жүйесінде ақау шығып, салдарынан барлық мамандандырылған ХҚО-ға келушілердің өтініштері дер кезінде қаралмай, үлкен кезек туындаған болатын.

Бұл ретте мемлекеттік корпорация өз тарапынан халық наразылығын басып, кезекті тарату үшін қосымша қызметкерлерді тартып, «соңғы клиентке» дейін жұмыс істеді. Халық ыңғайлығы үшін egov.kz порталы арқылы қызметті онлайн алуға көмектесетін кеңесші мамандар жұмылдырылды.

Айта кетейік, көліктерді қайта тіркеп, жүргізуші куәлігін алу қызметтері бойынша мамандандырылған ХҚО-ларда шілденің 1-8 аралығында 40мыңға жуық қызмет көрсетілді, оның 9 мыңнан астамы тек Алматы қаласына тиесілі.

ҚР ІІМ ақпараттық базасында туындаған техникалық ахауға байланысты еліміздің мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарында көлік иелеріне дер кезінде қызмет көрсетілмеді, салдарынан үлкен кезектер пайда болып, халық наразылығы туындады. Орын алған жағдайды шешу мақсатында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы бірқатар шара қабылдады.

Мәселен, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларындағы ХҚО-да көлік иелерінің құжаттарын қабылдайтын қосымша мамандар тартылды. Бұдан бөлек өзіне-өзі қызмет көрсету – «Connection Point» аймағында қызметтердің онлайн түрде рәсімделуіне көмектесетін кеңесші-мамандар саны көбейтілді, оларды «egov» деген жазуы бар айырықша формасынан танып-білуге болады. Сонымен қатар Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларындағы мамандандырылған ХҚО-ға келіп көліктерін қайта тіркеуге қойғандар құжаттарын күтіп, уақыттарын жоғалтпас үшін қала бағытында жүретін арнайы автобустар ұйымдастырылған. Ал құжаттар дайын болған соң, қызмет алушылар міндетті түрде ұялы телефондары арқылы хабардар етіледі. Бүгінде мамандандырылған ХҚО келушілері үшін тегін сусындар беру орны да қарастырылған.

Айта кетейік, 1-2 шілде күндері еліміздің мамандандырылған ХҚО-лары арқылы 9 мың құжат рәсімделіп берілген.